...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Қоғам

Алматыда жыл соңына дейін 18 жатақхана пайдалануға беріледі

Алматыда 2026 жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 6 857 орындық 18 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, жалпы Қазақстан бойынша жатақхана орындарының тапшылығы жоқ. Негізгі мәселе Алматыда сақталып отыр, қазір мұнда 5 176 орын жетіспейді.

— 2026 жылы жалпы сыйымдылығы 6 857 орындық 18 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Жаңа жатақханалар жастардың қажеттіліктерін ескере отырып жабдықталады және ыңғайлы форматта жасалады, — деді Саясат Нұрбек.

Алматыда биыл Халықаралық білім беру корпорациясының 339 орындық заманауи жатақханасы пайдалануға берілді. Қазір тағы жеті жатақхананы пайдалануға беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы 11 нысанды ашу жоспарлануда.

Астанада Қазақ ұлттық спорт университеті жанындағы екі жаңа жатақхана 1,5 мыңнан астам студентті қабылдауға дайын. Олардың ашылуы осы аптада — 22 тамызда өтеді.

Министрдің айтуынша, оқу жылының басында студенттердің көптеген өтініштері жатақханаға орналастыруға байланысты. Осыған байланысты Алматыда Ситуациялық және Дағдарыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылған.

Ситуациялық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында жұмыс істейді. Мұнда студенттер мен ата-аналарға жатақханаға орналастыру тәртібі, қажетті құжаттар және өтініш беру тәртібі туралы толық ақпарат беріледі.

Орталықта 8 маман жұмыс істейді. Өткен жылы бұл орталықта 3 мыңнан астам студент көмек алған.

Тұрғын үйге қатысты нақты мәселе туындаған жағдайда студенттерді уақытша орналастыру үшін Дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Ол М.Тынышбаев атындағы ALT University базасында ұйымдастырылған. Мұнда 50 орын қарастырылған.

Өткен жылы Дағдарыс орталығында 55 студент уақытша орналастырылып, кейін олар тұрақты жатақханаларға ауыстырылды.

Бұған дейін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов депутаттық сауалға жауап бере отырып, студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы шамамен 10 мыңды құрайтынын, ал бұған дейін Жоғары аудиторлық палата оны 33 мың деп бағалағанын хабарлаған.