Алматыда жедел жәрдем бригадасы екі ер адамға шақыртуға барғанда, олар медицина қызметкерлеріне пышақпен қауіп төндірген, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиға туралы хабарлама жедел жәрдем бригадасынан полицияға түскен. Оқиға орнына — Қазыбек би мен Бәрібаев көшелерінің қиылысына — патрульдік полицейлер мен Медеу ауданының учаскелік инспекторы жедел жеткен. Екі ер адамды ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізген.
— Алдын ала мәліметтер бойынша, олар есірткілік масаң күйде болған. Ұсталғандардың өздері медиктер келгенге дейін синтетикалық есірткі тұтынғандарын мойындады, — деп хабарлады Алматы полиция департаменті.
Полиция жедел жәрдем қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шекпегенін нақтылады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде пышақтың шығу тегі, сондай-ақ оны сақтау мен алып жүру мақсаты анықталуда. Әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Еске салайық, Солтүстік Қазақстан облысында жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасау фактісі бойынша алғаш рет қылмыстық іс қозғалған болатын. Оқиға жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету кезінде болған: жолаушылардың бірі медбикеге аяғы мен қолына және ішіне соққылар жасаған.
