Алматыда жаңа Конституция нормаларын түсіндіруге арналған ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқаны өтті. Оған 5,8 мыңнан астам жас алматылық қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шараларды ұйымдастырушы – Қалалық жастар саясаты басқармасы. Бірнеше күн бойы комьюнити-орталықтарда, қоғамдық кеңістіктерде және жоғары оқу орындарында ғылыми-сараптамалық диалог алаңдары, шығармашылық және акустикалық кештер, экологиялық акциялар, ашық дәрістер, подкасттар, флешмобтар және ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтті.
Қатысушылар қатарында студенттер, жас ғалымдар, ғылыми қоғамдастық өкілдері, жұмыс істейтін жастар, нарықтарда жұмыс істейтін жастар, белсенділер, еріктілер, «Жасыл ел» жастар еңбек отрядтарының сарбаздары, жастар ұйымдарының өкілдері және қала тұрғындары болды.
Орталық алаңдардың бірі – Әуезов ауданындағы Комьюнити-орталықта өткен «Жастардың Қазақстанның болашағын қалыптастырудағы рөлі» ғылыми-сараптамалық кездесуі. Жастар конституциялық реформалардың маңызын, мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерді және қазіргі Қазақстанның дамуындағы жастардың рөлін талқылады.
«Конституция – елдің тұрақты дамуының берік негізі. Ол әрбір азаматқа құқықтар мен бостандықтарды кепілдендіреді, жастарға сапалы білім алуға, еңбек етуге, қоғамдық өмірге қатысуға және өз әлеуетін ашуға мүмкіндік береді», – деді Д.А. Қонаев атындағы колледж директоры Райхан Бөлекбаева.
Ерекше қызығушылық тудырған «Жас Fest» шығармашылық кеші «Гүлдер» саябағында өтті. Музыка, поэзия және шығармашылық өнер арқылы жастар әділдік, теңдік, азаматтық бірлік және заңға құрмет туралы айтты.
«Конституция – бұл мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, сонымен қатар қоғамды біріктіретін құндылықтар жүйесі. Жастар оны формальды құжат ретінде емес, күнделікті өмірінің негізі ретінде қабылдауы маңызды», – деп атап өтті «JAIDARMAN» Алматы филиалының директоры Оңдасын Құлымбетов.
Науқан аясында «Жастардың өзін-өзі жүзеге асыруының жаңа мүмкіндіктері» акустикалық кеші, «Конституция менің көзіммен» ақпараттық-түсіндіру акциясы, мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың жаңа ережелері туралы подкаст, сондай-ақ «Голос Конституции» бейнефлешмобы өтті. Қатысушылар Негізгі заң баптарын оқып, оның маңызы туралы жеке ойларын білдірген бейнероликтер түсірді.
Азаматтық жауапкершілік тақырыбының практикалық жалғасы Сайран көлінің жағалауында өткен «Таза Қазақстан: Жасыл Ел – таза болашақ» экологиялық акциясы болды. «Жасыл ел» жастар еңбек отрядтарының сарбаздары, еріктілер мен белсенділер жағалау аймағын тазалап, қоғамдық кеңістікті абаттандырып, жастардың қоршаған ортаны сақтаудағы рөлін талқылады.
«Қоршаған ортаны қорғау – бұл экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі. Әрбір жас адам экологиялық акцияларға қатысып, қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарау арқылы қаланың тазалығына үлес қоса алады», – деді ProjectVirus_Almaty жобасының жетекшісі Дулат Набиев.
Конституциялық құндылықтарды насихаттау жұмысы 1 шілдеге дейін басталған. 22-25 маусым аралығында Алматының жетекші жоғары оқу орындарының базасында профессорлық-оқытушылық құрам, жас ғалымдар мен студенттердің қатысуымен 13 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өтті. Кездесулердің тақырыптары – Конституцияның жаңа нормалары, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ жастардың азаматтық қоғамды дамытудағы рөлі.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша іс-шаралар сериясы 10 шілдеге дейін жоғары оқу орындарында, комьюнити-орталықтарда және қоғамдық кеңістіктерде жалғасады.
Дереккөз: Almaty.tv