Алматыда нөсер жауыннан кейін Достық даңғылы бойындағы жаяу жүргінші жолы шөгіп кетті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиғаны қала тұрғыны әлеуметтік желіде жариялаған. Жазбаға «Алматы қаласының қоғамдық кеңістігін дамыту басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жауап берді.
Ведомство Достық даңғылын өзгерту жобасы аясында Әл-Фараби мен Абай даңғылдары аралығында жаяу жүргінші жолының плиткасын төсеу, велосипед жолын салу, көгалдандыру, автоматты суару жүйесін орнату, кабель желілерін тарту және сыртқы жарықтандыру тіректерін қою, сондай-ақ іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілгенін еске салды.
Бұған дейін Алматы тұрғындары қала көшелеріндегі жағдайды бейнежазбаға түсіріп бөліскен. Кадрларға метро станцияларының бірінің су басқан кіреберісі де түскен.
