Алматыда түнгі уақытта көпірдің шетінде тұрған жас жігітті полицейлер құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2026 жылғы 11 қарашада түнгі сағат бір шамасында «102» арнасына көпірдің шетінде жас жігіт тұрғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына «Буран-611» және «Буран-651» патрульдік полиция экипаждары жедел жетті. Олардың құрамында аға полиция лейтенанттары Қазбек Жамкан, Сырым Қожан, Сұлтан Болат және Дінмұхамет Бахытбеков болды.
Полицейлер жас жігітпен байланыс орнатып, оны бірлескен күшпен қауіпсіз жерге көшірді.
«Мұндай жағдайларда уақтылы ден қою, бейжай қалмау және қызметкерлердің үйлесімді әрекеттері ерекше маңызды», — деп атап өтті полицияда.
Сол күні таңертең Алматы әуежайында төтенше жағдай болып, бір адам қаза тапқаны белгілі болды.
