Алматының Әуезов ауданында фонтаны, паркур алаңы және серуендеу аймағы бар жаңа саябақ салынып жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Аудан әкімі Абзал Егембердиевтің айтуынша, жаңа саябақты абаттандыру жұмыстары осы жылдың тамыз айында басталған. Qadam деп аталған саябақ Саин көшесінде, Улугбек көшесімен қиылысында орналасқан.
«Аумақ 0,40 гектарды алып жатыр. Саябақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалыс орнына, тартымдылық орталығына айналады. Мұнда әртүрлі табиғи жабындылары бар серуендеу аллеясы, балалар алаңы, жүгіру жолы, сырғанау және паркур аймағы, міндетті түрде көгалдандыру — ірі ағаштар мен бұталарды отырғызу көзделген. Орталық элементтердің бірі фонтан мен жарықтандыруы бар аркалық композиция болады. Qadam тұжырымдамасы қозғалыс, әртүрлі фактуралар, дыбыс, су және жарық үйлесіміне негізделген», — деді аудан әкімі РСК-дағы баспасөз конференциясында.
Ол қоғамдық кеңістікті ашу ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін жоспарланғанын қосты.
