
Бүгін Алматыдағы А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Юный писатель Алматы – 2026» қалалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Байқау көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына, сондай-ақ «Оқитын ұлт» ұлттық жобасы мен «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Биыл байқауға 14 пен 17 жас аралығындағы 171 оқушы қатысып, әдебиетке деген көзқарасы мен шығармашылық ізденісін көрсетті.
Салтанатты шарада Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Күлкенов, балалар әдебиетін дамытуды қолдау жөніндегі «Өркен» қоғамдық қорының президенті Мади Нүсіпбаев, ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы директорының орынбасары Игорь Крупко, ақын, жазушы, аудармашы және редактор Фархат Тамендаров және басқа да мәдениет қайраткерлері құттықтау сөз сөйледі.
Қазақ тіліндегі шығармалар арасында №174 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Қайрат Әбдірахманның жұмысы үздік деп танылды. Орыс тіліндегі номинацияда №95 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Касенова Алинаның жұмысы ең жоғары бағаға ие болды.
Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен Олжас Сүлейменовтің поэмалар жинағы табыс етілді. Сондай-ақ олар республикалық кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Байқауға қатысушылардың барлығы мен олардың жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды.
«Бұл байқау жас авторлардың шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді және олардың әдебиетке деген қызығушылығын дамытуға ықпал етеді. Қатысушылардың әрбір жұмысы – ізденіс пен еңбектің нәтижесі. Осындай бастамалардың арқасында жас жазушылардың жаңа буыны қалыптасады деп сенемін», – деді «Өркен» қоғамдық қорының президенті, байқау ұйымдастырушыларының бірі Мади Нүсіпбаев.
Байқау жас дарындардың шығармашылық әлеуетін ашуға, олардың әдебиетке деген қызығушылығын нығайтуға және ұлттық руханиятты дамытуға арналған маңызды алаңға айналды.
Дереккөз: Almaty.tv