
Алматыда AMANAT партиясының Turgyndar Amanaty жобасы аясында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласындағы жүйелі мәселелерді шешу жолдары талқыланды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Форумға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, AMANAT партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, мәслихат депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, сарапшылар, сондай-ақ мүлік иелері бірлестіктері (МИБ), пәтер иелері кооперативтері (ПИК) және басқарушы компаниялардың төрағалары қатысты.
Мәжіліс депутаттары Екатерина Смышляева мен Бақытжан Базарбек өз ұсыныстарын айтты. Анықтама: Алматыда 9,5 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй бар, оның үштен екісінен астамы ескірген тұрғын үй қорына жатады. Мыңдаған үй күрделі жөндеуді қажет етеді, лифтілер ескірген, авариялық және сейсмикалық қауіпті ғимараттар бар. Жыл сайын уәкілетті органдарға тұрғындардан мыңдаған өтініш түседі.
Осыған байланысты Turgyndar Amanaty жобасы тиімді тетікке айналды. Жоба көппәтерлі үйлерді басқарудың тиімді моделін қалыптастыруға бағытталған: партия жанынан жобалық кеңсе құру, МИБ және ПИК төрағаларын оқыту, үйлердің күрделі жөндеуін сүйемелдеу, цифрлық шешімдер енгізу және тұрғындардың абаттандыру бағдарламаларына қатысуын кеңейту көзделген.
«Біз бүгін қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін негізгі салалардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты талқылап жатырмыз. Алматыда еліміздегі ең ірі тұрғын үй қоры шоғырланған, мұндай ауқым ашық жүйе, нақты ережелер мен барлық тараптың жауапкершілігін талап етеді», – деді әкім Дархан Сатыбалды.
Оның айтуынша, қалада 9,5 мыңнан астам көппәтерлі үй және 2,5 мыңнан астам басқару субъектісі бар. «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындардың өтініштері кезең-кезеңімен қаралып, шешімін табуда, деп қосты әкім.
AMANAT партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев жобаның мақсатын атап өтті:
«Ортақ мақсатымыз – Алматының әрбір тұрғыны үшін қауіпсіз, жайлы және сапалы тұрғын үй ортасын құру. Жыл басынан бері осындай форум-семинарлар еліміздің 11 өңірінде өтіп, тиімділігін дәлелдеді. Осы тәжірибені ескере отырып, біз бұл жұмысты Алматыда жалғастырып жатырмыз», – деді партия хатшысы.
Дереккөз: Inform.kz