Алматыдағы «Медеу – Шымбұлақ» гондолды канатты жолы техникалық себептермен уақытша жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының әкімшілігі туристерді канатты жолдың уақытша тоқтатылғаны туралы ескертті. Қазіргі уақытта желіде қозғалысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, оларды бірнеше сағат ішінде аяқтау жоспарланған.
«Медеу станциясынан Шымбұлақтың базалық станциясына дейін экстаксимен жетуге болады. Базалық станциядан жоғары орналасқан қалған канатты жолдар қалыпты режимде жұмыс істейді», — деп нақтылады курорт әкімшілігі.
Туристерден сапарды жоспарлау кезінде осы ақпаратты ескеру сұралады. Гондолды жолдың жұмысы қалпына келтірілгені туралы қосымша хабарланады.
Дереккөз: Nur.kz