Алматыда Төле би көшесінің оңтүстігінде және Момышұлы көшесінің шығысында орналасқан қызмет көрсету нысандары бар аялдама кешенінің бұзылуы басталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл аялдама кешені қала тұрғындарының көпшілігіне жақсы таныс. Көптеген жылдар бойы мұнда кәсіпкерлер өз бизнесін жүргізген сауда нүктелері мен басқа да қызмет көрсету нысандары жұмыс істеді.
Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, нысанды бұзу мәселесі бірнеше жыл бойы қарастырылды. 2022 жылдың 19 шілдесінде ведомство рұқсат құжаттарының болмауына байланысты аялдама кешенін бұзу туралы талаппен Әуезов аудандық сотына №2 талап арыз жолдаған. Осыдан кейін ұзаққа созылған сот талқылаулары басталды.
Соңында Алматы қалалық соты нысанды бұзу туралы бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Атқару парағы әділет департаментіне жіберілді.
Нысандарды бұзу сот орындаушыларының қатысуымен басталды.
Еске салайық, 2026 жылдың басынан бері Алматыда заңсыз деп танылған 41 нысан толық немесе ішінара бұзылды.
Бұған дейін қалада Төле би көшесі, 182 мекенжайында орналасқан Asi кафесінің қосымша құрылысы бұзылған болатын.
Одан бұрын сот шешімімен Сейфуллин даңғылы, 510а мекенжайындағы Spar супермаркетінің қосымша құрылысы демонтаждалған еді.
