Алматы полициясы сауда нысандарында энергетикалық сусындарды сату талаптарының сақталуын тексеріп, алдын алу рейдтерін өткізуде. Әсіресе, олардың кәмелетке толмағандарға сатылу фактілеріне ерекше назар аударылуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы полицейлері сауда нысандарында кәмелетке толмағандарға энергетикалық сусындарды сату фактілерін анықтау үшін профилактикалық рейдтер жүргізуде.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, рейдтер кезінде қызметкерлер белгіленген талаптардың сақталуын тексереді және сатушыларға заңнама нормаларын түсіндіреді. Кәмелетке толмағандарға энергетиктерді сатпауға ерекше көңіл бөлінеді.
— Біздің міндетіміз — тек құқық бұзушылықтарды анықтау емес, олардың алдын алу. Рейдтер барысында полиция қызметкерлері сатушыларға заңнама талаптарын түсіндіріп, энергетикалық сусындарды кәмелетке толмағандарға сатуға жол берілмейтініне назар аударады. Мұндай іс-шаралар тұрақты негізде өткізіледі, — деп атап өтті Алматы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Кәмелетке толмағандарға энергетикалық сусындарды сатқаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 423-1-бабында көзделген.
Полиция сауда өкілдеріне заңнама талаптарын сақтау қажеттігін еске салды. Кәмелетке толмағандарға энергетикалық сусындарды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Еске салайық, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі балаларға бағытталған фастфуд, тәтті сусындар және қант, тұз бен қаныққан майлардың құрамы жоғары басқа да өнімдердің жарнамасын шектеу ұсынысын білдірді.
