
Алматыда Қазақстан Студенттік спорт лигасының финалдық кезеңі ресми түрде басталды. Салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік жастар командалары, жаттықтырушылар, құрметті қонақтар мен жүздеген жанкүйер жиналды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ашылу барысында жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен іріктеу кезеңдерін ұйымдастырушыларға арнайы алғыс хаттар табысталды. Ағымдағы маусымда іріктеу жарыстары алты дивизионда сәтті өтті. Енді финалда Қазақстанның 49 жетекші жоғары оқу орнынан келген екі мыңнан астам студент бақ сынайды.
«Бұл республикалық финалға барлық өңірден қатысушылар келді. Оған дейін сәуір айында Республикалық студенттік спорт лигасының аймақтық кезеңін өткіздік, әр өңірден 16 үздік команда келді. Барлығы еліміздің 49 жоғары оқу орнынан 2300 студент-спортшы қатысып жатыр», — деді Ұлттық студенттік спорт одағының вице-президенті Мұхтар Есқалиев.
Үлкен спорттық мереке 27 мамырға дейін жалғасады. Осы күндері жас спортшылар жеті спорт түрінен өз университеттерінің намысын қорғайды: қазақ күресі, волейбол, баскетбол, футзал, тоғызқұмалақ, шахмат және үстел теннисі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ауқымды финал қазақстандық жастар үшін алтын медальдар мен кубоктар үшін тартысты бәсеке ғана емес, сонымен қатар жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайту, жаңа достар табу, баға жетпес жарыс тәжірибесі мен болашақ жеңістерге шабыт алу алаңына айналады.
Дереккөз: Almaty.tv