
Алматыда көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары КСК өкілдері, «AMANAT» партиясының белсенділері және қала тұрғындарымен бірлесіп, аула аумағын тазарту шарасын өткізді. Осылайша олар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында жүзеге асып жатқан «Таза бейсенбі» атты апталық экологиялық акцияны қолдады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл бастама тұрғындардың «TURGYNDAR AMANATY» жаңа жобасына қолдау білдіруі болды. Жоба көпқабатты үй тұрғындарымен тиімді өзара іс-қимылды жолға қоюға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың өзекті мәселелерін шешуге және халық, депутаттар мен жауапты мемлекеттік органдар арасындағы тікелей байланысты күшейтуге бағытталған.
Акция барысында қатысушылар аула аумағын қоқыстан тазартып, іргелес аумақты ретке келтіріп, көпқабатты тұрғын үй қорын күтіп-ұстауға қатысты мәселелерді талқылады.
«Біз «TURGYNDAR AMANATY» сияқты жобаның басталғанына қуаныштымыз. Көпқабатты үй тұрғындарының мәселелеріне назар аударылып, бізбен нақты жұмыс жүргізіле бастағанын көру жақсы. Осы бастамаға алғыс ретінде бүгін көршілерімізбен бірге шығып, «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын қолдауды жөн көрдік. Біз де ауламыздың таза, жайлы және барлық тұрғындар үшін ыңғайлы болғанын қалаймыз. Мұндай бастамалар адамдарды біріктіреді деп ойлаймын», — деді тұрғындар.
КСК өкілдерінің айтуынша, жоба қазірдің өзінде тұрғындар, депутаттар және жауапты құрылымдар арасында жедел өзара іс-қимылды жолға қоюға көмектесуде.
«Мен осы тұрғын үй кешенінің КСК өкілімін және «AMANAT» партиясының қатарында 20 жылға жуық уақыттан бері тұрамын. Ең алдымен партияға «TURGYNDAR AMANATY» жобасын бастағаны үшін алғыс айтқым келеді. КСК өкілі ретінде мұндай форматтың шынымен қажет болғанын айта аламын. Қазір депутаттармен және жауапты органдармен тікелей байланыс орнату, тұрғындардың проблемалық мәселелерін көтеру және жедел кері байланыс алу әлдеқайда жеңілдеді. Бұл бір ғана үй бойынша емес, басқа нысандар бойынша да нақты нәтиже береді. Ал бүгінгі акция — тұрғындар, партия және басқарушы ұйымдардың бірлесіп нақты пайдалы істер жасай алатынының жақсы үлгісі», — деді «Березка» КСК өкілі Бахыткүл Іргембаева.
«TURGYNDAR AMANATY» жобасы көпқабатты үй тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, ТКШ саласында тиімді өзара іс-қимыл жүйесін дамытуға және тұрғындарды өз үйлері мен аулаларына қатысты мәселелерді шешуге тартуға бағытталған.
Дереккөз: Almaty.tv