Алматыдағы шағын аудандардың бірінде сау ағаштар кесілгені анықталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада Медеу ауданы, Жамақаев көшесінде бір топ ер адам ағаш кесілгеннен кейін көшені сыпырып жатқаны көрінеді. Жасыл желектер кесілген күйі жатыр, ал кесінділерде ешқандай ауру немесе зақым байқалмайды. Оқиға орнының жанында ғимарат құрылысы жүріп жатыр.
Алматы қаласы Экология басқармасы бейнежазбаға реакция білдірді.
— Аталған мекенжай бойынша басқарма қызметкерлері шығып, тексеру барысында жасыл желектердің, атап айтқанда каштандардың кесілгені расталды. Басқарма бұл мекенжай бойынша жасыл желектерді кесуге рұқсат бермеген, — деп атап өтті ведомствода.
Осыған байланысты билік сау ағаштарды кескен ұйымнан жасыл желектерді күту және қорғау қағидаларының талаптарына сәйкес 50 еселенген мөлшерде өтемақы отырғызу міндеттемесімен кепілдік хат алды.
Жаңа ағаштар жалпы пайдаланымдағы жерлерге отырғызылуы тиіс. Сонымен қатар полиция қызметкерлері каштандарды заңсыз кесу орнын тексереді.
Еске салайық, биылғы жылдың басынан бері Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында бір миллионнан астам ағаш отырғызылды.
Дереккөз: Inform.kz