Алматы тұрғындары Үлкен Алматы өзенінің арнасына, Сайран көлінің сәл солтүстігіне қарай қалдықтарға ұқсас қара сұйықтықтың ағызылғанын анықтап, бейнежазбаға түсіріп алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алаңдаған қала тұрғындары әлеуметтік желіге видео жариялап, қара су ағынының шығу тегі мен құрамы белгісіз екенін, бұл одан да көп сұрақ туғызатынын атап өтті.
Алматы экология және қоршаған орта басқармасы жағдайға түсініктеме бере отырып, Әуезов ауданы әкімі аппаратымен бірлесіп, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Бостандық ауданы әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері көрсетілген учаскеге визуалды тексеру жүргізгенін хабарлады.
Тексеру нәтижесінде анықталған ағызудың жаңбыр және еріген қар суларын, сондай-ақ суару суын өткізуге арналған су бұру коллекторы мен арық желісінің бөлігі екені белгілі болды.
— Сонымен қатар қоршаған ортаның ықтимал ластануын болдырмау үшін зертханалық зерттеулер жүргізуге су сынамалары алынады. Талдау нәтижелері бойынша, экологиялық заңнама талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда, уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында тиісті шаралар қабылдайды, — деп сендірді басқармада.
Бұған дейін Алматыда 2,5 мыңнан астам тұрғын қайтарылған активтер есебінен ауыз суға қол жеткізгені хабарланған болатын.
Дереккөз: Inform.kz