...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда «Батыс қақпа» полиорталығында мектеп, балабақша, емхана және саябақтар салынады

Алматыда полиорталықты дамыту тұжырымдамасы аясында әлеуметтік инфрақұрылым мен сапалы қоғамдық кеңістіктер құру жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы әкімі «Батыс қақпа» полиорталығында жүзеге асырылатын жобаларды қарағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қалалық бюджеттен қаржыландырылатын нысандардан бөлек, құрылыс компаниялары әлеуметтік жауапкершілік аясында бірқатар әлеуметтік нысанды өз қаражатына салады.

Мұндай нысандарды орын тапшылығы туындағанша күтпей, алдын ала жасау қажет, — деді әкім.

Сондай-ақ эскиздік жобалар мен оларды іске асыру мерзімдері келісілді. Жоспар бойынша, 2027 жылы Б. Момышұлы, Мөңке би, Ф. Оңғарсынова көшелері мен Т. Рысқұлов даңғылының аралығында әрқайсысы 1800 орындық екі мектеп, жалпы сыйымдылығы 740 орындық үш балабақша, заманауи емхана және жаңа саябақ құрылысын аяқтау жоспарланған.

Екінші кезеңде, 2028–2029 жылдары, тағы бір 1200 орындық мектеп, екі балабақша, музыка мектебі және екінші саябақ пайдалануға беріледі.

Әкім әрбір полиорталық жайлылық деңгейі, инфрақұрылым сапасы және сәулеттік келбеті жағынан Алматының тарихи орталығына сәйкес келіп қана қоймай, одан асып түсуі керектігін атап өтті.

Дереккөз: Almaty.tv