Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына Саина көшесі мен Алатау даңғылында көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылатыны ескертілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, шектеулердің бірі Саина көшесінде асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстарына байланысты енгізіледі.
Атап айтқанда, 10 қазан сағат 07:00-ден 12 қазан сағат 23:00-ге дейін Саина көшесінің батыс жағы Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейінгі аралықта, сондай-ақ Шәріпов көшесі бойынша жүріс жабылады.
Сонымен қатар инженерлік желілерді қайта жабдықтауға байланысты Алатау даңғылының бір бөлігінде уақытша шектеулер енгізіледі. Олар 10 және 11 қазан күндері сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін әрекет етеді. Осы кезеңде Райымбек даңғылынан оңтүстіктегі жергілікті учаскеде қарсы бағыттағы қозғалыс енгізіледі.
«Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеде ескерту белгілері қойылады. Жүргізушілерден маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», — деп ескертті жүргізушілерге.
