Алматыда демалыс күндері көлік қозғалысына шектеу қойылады — Абылай хан даңғылы мен Брусиловский көшесінде, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 қазан сағат 08:00-ден 11 қазан 20:00-ге дейін Абылай хан даңғылының Райымбек даңғылынан Мәметова көшесіне дейінгі бөлігінде қозғалыс жабылады.
Бұл шектеу LRT құрылысы жобасын іске асыруға байланысты енгізіліп отыр.
«Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеде ескерту белгілері қойылады. Маршрутыңызды алдын ала жоспарлауыңызды сұраймыз», — деп ескертті алматылықтарға.
Сонымен қатар уақытша шектеулер Брусиловский көшесінің бір бөлігін де қамтиды. Мұнда жолды орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Осылайша, 10 қазан сағат 22:00-ден 11 қазан 07:00-ге дейін Төле би көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі учаскеде автокөлік қозғалысы толығымен жабылады.
«Жөндеу жұмыстарының мерзімі ауа райы жағдайына және жөндеудің технологиялық процесіне әсер ететін өзге де факторларға байланысты түзетілуі мүмкін», — деп атап өтті әкімдікте.
