Түрксіб ауданында ТЖМ қызметкерлері қойма үй-жайы аумағындағы өртті жойды. Өрт сөндірушілер оттың көрші нысандарға ауысуына жол бермей, тауарлық-материалдық құндылықтардың едәуір бөлігін сақтап қалды. Өрт Сүйінбай даңғылындағы қоймада болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
ТЖМ мәліметінше, өрт туралы сигнал 112 пультіне түскен. Оқиға орнына келген алғашқы бөлімшелер бір қабатты қойма үй-жайын ашық от шарпығанын анықтады, онда құрылыс материалдары сақталған. Жұмыстарды үйлестіру үшін жедел штаб құрылды. Өртті жоюға ТЖМ бөлімшелері, Алматы Құтқару қызметі, Апаттар медицинасы орталығының бригадасы, сондай-ақ өрт сөндіру пойыздары қатысты. Суды үздіксіз беру үшін ТЖМ өрт сөндіру автопойызы мен ҚТЖ өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.
Барлық қызметтердің жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында оттың көрші қойма үй-жайлары мен жақын орналасқан нысандарға таралуын болдырмау мүмкін болды. Сонымен қатар, өрт сөндірушілер кәсіпкерлердің тауарлық-материалдық құндылықтарының едәуір бөлігін, оның ішінде қымбат техникасы бар қойманы сақтап қалды.
Өрт толығымен жойылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер жоқ. Өрттің себептері анықталуда.
Дереккөз: Inalmaty.kz