58 жастағы спортшы 10 тамызда Астанадан жолға шығып, бүгін Алматыға жетті. Осы уақыт ішінде ол шамамен 1300 шақырымды артқа тастап, саяси науқан өткен күні Алматыдағы №545 сайлау учаскесіне келіп, азаматтық борышын өтеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ұзақ қашықтықты бағындыру үлкен төзімділік пен табандылықты талап етсе, елдегі маңызды саяси науқанға қатысу әр азаматтың жауапкершілігін көрсетеді. Мендыбай Әлімғазинов үшін бұл жол тек спорттық мақсатпен шектелмеді, Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық ұстанымның бір көрінісіне айналды.
Ультрамарафоншы жол бойы қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғысын білдірді. Ол сондай-ақ ұзақ жолдан кейін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасағанына қуанышты екенін атап өтті.
