...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда қанша адамды «Пана» орталығына жеткізді: полиция рейдтері туралы

Алматыда учаскелік инспекторлар тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтау бойынша профилактикалық рейдтер өткізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Полиция департаментінің мәліметінше, рейдтер кезінде қызметкерлер азаматтардың жеке басын анықтайды, оларды ақпараттық есепке алу деректері бойынша тексереді және олардың көшеде қалу себептерін анықтайды. Қажет болған жағдайда адамдарды тиісті әлеуметтік қызметтерге жібереді.

Жыл басынан бері полицейлер «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығына тұрақты тұрғылықты жері жоқ 388 адамды жеткізді. Оның 54-і одан әрі көмек алу үшін мекемеде қалды. Қалғандары тексеру мен алғашқы қараудан кейін ұсынылған көмектен бас тартты.

Полиция мұндай рейдтер тек көшеде қалған адамдарды анықтауға ғана емес, құқық бұзушылықтардың алдын алуға да бағытталғанын атап өтеді. Тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар қылмыстың құрбаны болуы немесе әртүрлі құқық бұзушылықтарға қатысушы болуы мүмкін.

Сондықтан учаскелік инспекторлар олардың тұрақты болатын жерлерін тексереді, жағдайларын анықтайды және ықтимал қауіптерге ден қояды.

— Учаскелік инспектордың міндеті — көшеде қалған адамды анықтау ғана емес. Оның жеке басын анықтау, қандай көмек қажет екенін түсіну және негіздер болса, тиісті қызметтерге жіберу маңызды. Сонымен бірге біз қоғамдық қауіпсіздікке төнетін ықтимал қауіптерді жоюымыз және құқық бұзушылықтарды уақытылы жолын кесуіміз керек. Сондықтан мұндай рейдтер ең алдымен профилактикалық сипатқа ие, — деп атап өтті Алматы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ногайбаев.

Бұған дейін Астанада тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарға қандай көмек көрсетілетіні хабарланған болатын.