Алматының Түрксіб ауданындағы кәсіпорындардың бірінің аумағында өрт шығып, жану ошағы поролон жасайтын цехтан табылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, «Қайрат» шағын ауданынан 112 нөміріне өрт туралы дабыл түскен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру бөлімшелері жанудың жекеменшік аула аумағындағы поролон өндіретін цехта басталғанын анықтады. Ғимарат ішінде қатты түтін жиналған.
«Сөндіру жұмысын ғимарат ішіндегі материалдардың қалың түтіні мен жоғары жанғыштығы қиындатты. Өрт сөндірушілер дереу жұмысқа кірісіп, оттың одан әрі таралуына жол бермеді», — деп атап өтті ведомствода.
Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, өрт толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
