Алматыда «Алматы – білім мен инновация орталығы: жаңа халықтық Конституция құндылықтары негізінде адами капиталды дамыту» тақырыбындағы педагог қызметкерлердің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Республика сарайында өткен шараға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Конференция 2026–2027 оқу жылына арналған білім беру жүйесінің негізгі міндеттерін айқындау алаңына айналды. Назарда – білім сапасын арттыру, оқушылардың цифрлық құзыреттілігін дамыту, жасанды интеллектті енгізу және «Адал азамат» пен «Заң мен тәртіп» құндылықтарын нығайту.
«Біздің алдымызда құрылған мүмкіндіктерді нақты әрі өлшенетін нәтижеге айналдыру, балаларымыздың білім сапасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр. Мұнда шешуші мәнге мұғалімнің кәсібилігі мен әр мектептің жұмыс тиімділігі ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Алматыда орта білім жүйесіне жасанды интеллектті енгізудің 2026–2029 жылдарға арналған өңірлік жоспары іске асырылуда. Бірыңғай қалалық цифрлық платформа Almaty Digital Mektebi кезең-кезеңімен енгізілуде. Қаланың барлық мектептері жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген, білім беру процесінің 200 мыңнан астам қатысушысы жасанды интеллект құралдарын пайдаланады. Жаңа оқу жылында педагогтердің AI-құзыреттілігін арттыру, 60 пәндік кабинетті жабдықтау және бейіндік зертханаларды дамыту жалғасады», – деп атап өтті Дархан Сатыбалды.
Кадрлық қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. 2027–2030 жылдары ең сұранысқа ие педагогикалық бағыттар бойынша Алматы әкімінің гранттарын бөлу жоспарлануда, кейіннен түлектер қала мектептеріне жұмысқа орналастырылады.

Білім беру инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Өткен жылы 40 мың орынға жуық 37 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылының басында 8 жаңа мектеп пен 3 жаңа корпус ашылады, бұл 11 950 оқушы орнын құруға мүмкіндік береді.

Алматы білім сапасы бойынша жоғары позицияларды сақтап отыр. 24 жыл бойы қала оқушылары еліміздің үздік олимпиадалық командасы деп танылып келеді. 2026 жылы сегіз оқушы халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпазы және жүлдегері атанды. Педагогтер де жоғары нәтиже көрсетуде: Алматының жеті мұғалімі «Үздік педагог – 2025» байқауының жеңімпазы атанды, ал №95 мектеп-лицейінің мұғалімі Татьяна Белоусова Global Teacher Prize бойынша әлемнің 50 үздік мұғалімінің қатарына енді.

Конференция аясында білім саласының үздік өкілдерін марапаттау рәсімі өтті. Кәсібилігі, көпжылдық еңбегі және жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін педагогтерге Алматы әкімінің алғыс хаттары мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградалары табысталды. Сондай-ақ қаланың үздік білім беру ұйымдары анықталды: Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназия үздік орта білім беру ұйымы деп танылып, 68 млн теңге көлемінде әкім грантына сертификат алды. Үздік техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы Алматы технологиялық колледжі деп танылды, оған материалдық-техникалық базаны дамыту және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету үшін 68 млн теңге көлемінде грант бөлінді.
Конференция қорытындысы бойынша жаңа оқу жылына арналған негізгі міндеттер айқындалды – оқушылардың білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы, мектеп директорларының жауапкершілігін күшейту және білім беру ұйымдарына атаулы қолдау көрсету.
