Алматыда радикалды идеяларды таратқан күдікті ұсталып, тергеу іс-шаралары Алматы мен Жамбыл облысында өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті 2024 жылдан бері шетелде болып, сол жақтан радикалды идеяларды таратқан. Ол жабық Telegram-топтарды басқарып, онлайн-дәрістер өткізіп, өз ізбасарларына идеологиялық ықпал еткен.
Бұған дейін сот оның бірқатар аудиодәрісін терроризмді насихаттағаны және діни араздықты қоздырғаны үшін экстремистік материал деп таныған.
Ер адам шетелдік теологиялық оқу орындарында діни білім алғаны анықталды. 2024-2025 жылдары пікірлестері арасындағы беделін пайдаланып, олардан 60 млн теңгеден астам қаражат алған.
44 жастағы күдікті ұсталғаннан кейін тінту кезінде діни әдебиеттер мен экстремистік идеология белгілері бар қолжазбалар тәркіленді.
Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер істің барлық мән-жайын, ықтимал сыбайластарды және басқа да қатысы бар адамдарды анықтап жатыр.
Бұған дейін ҰҚК экстремистік топтың 10 мүшесін ұстаған болатын.
