
Алматы полициясы әлеуметтік желілерде жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі NUR.KZ-ге сілтеме жасап.
Алматы қалалық полиция департаментінің Instagram-парақшасында интернет-кеңістікті мониторингілеу барысында анықталған видео жарияланды. Онда жүргізушінің Жол жүрісі ережелерін бұзғаны тіркелген. Полиция мәліметінше, Toyota көлігінің жүргізушісі жылдамдық режимін әдейі асырып, өз әрекеттерін камераға түсірген. Бұл кезде мемлекеттік тіркеу нөмірі көлік салонында болған.
«Жүргізуші автомобильді мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз басқарғаны және арнайы дыбыстық құрылғыны заңсыз орнатқаны үшін жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
Бұзушының жеке басы анықталды — ол 20 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Полиция өрескел бұзушылықтарды «контентке» айналдыру әрекеттері қауіпті және жол берілмейтін үрдіс екенін ескертеді. Әрбір бұзушылық фактісі анықталып, кінәлілер толық көлемде жауапкершілікке тартылады.
Дереккөз: Nur.kz