Алматыда Валерий Меладзенің концерті кезінде болған жанжалға қатысты полиция үш әйелді анықтады, оның екеуі Алматы облысының тұрғындары, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полицияның мәліметінше, қақтығыс көрермен әйелдер арасында болған. Күзет қызметкерлері әйелдерді концерт алаңынан тыс жерге шығарды. Концерт үзілген жоқ, қалыпты режимде жалғасты.
Тексеру қорытындысы бойынша үш қатысушы анықталды. Олардың екеуі Алматы облысының тұрғындары болып шықты. Сот біреуін бес тәулікке қамауға алды, екіншісі қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде пайда болғаны үшін айыппұл арқалады.
Үшінші қатысушыға – Тараз тұрғынына ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материалдар сотқа жіберілді.
Сонымен қатар полиция Instagram желісінде концерттің бұзылғаны туралы жалған ақпарат таратқан жазбаны анықтады. Аккаунт иесін тауып, айыппұл салды.
Еске салайық, оқиға 4 қарашада Almaty Arena-да Валерий Меладзенің екінші концерті кезінде болған. Куәгерлердің айтуынша, фан-аймақта екі әйел сахнаға қарай өтуге тырысып, басқа көрермендерді итеріп жіберген. Төбелес басталып, оған әнші назар аударған.
Меладзе өнер көрсетуді тоқтатып, көрермендердің мінез-құлқына байланысты концертті аяқтайтынын ескертті. Алайда жанкүйерлердің реакциясынан кейін әртіс сахнада қалып, бағдарламаны жалғастырды.
