
Алматыда LRT жобасын іске асыру аясында Момышұлы көшесінде құрылыс жұмыстары басталуына байланысты уақытша жол шектеулері енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің мәліметінше, Мөңке би көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы үшін екі ортаңғы жолақ жабылады. Құрылыс жұмыстары жүргізілетін кезеңде қоғамдық көлікке арналған бөлек жолақ жұмыс істемейді, ал бейнекамералар оған шығуды тіркемейді.
Жүргізушілерге бағдарды алдын ала жоспарлап, осы аймақтағы кептелістерді ескеру ұсынылады.
Жеңіл рельсті көліктің бірінші кезегінің бағыты Момышұлы көшесімен оңтүстікке қарай Төле би көшесіне дейін, одан әрі Төле би бойымен шығысқа қарай Абылай хан даңғылына дейін өтеді. Кейін бағыт солтүстікке бұрылып, Абылай хан даңғылымен Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жалғасады. Бірінші кезектің ұзындығы 18,3 шақырымды құрайды, — делінген әкімдік хабарламасында.
Бұған дейін Алматыда жеңіл рельсті көліктің (LRT) бірінші желісін салатын компания анықталып, жобаның құны да белгілі болған еді.
Дереккөз: Inform.kz