
Алматыда құлпынай маусымы басталып, жаңа жидек сауда желілері мен демалыс базарларында кеңінен ұсынылды. Өнімнің негізгі көлемі Алматы облысының Қарасай ауданынан түссе, Түркістан облысынан, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан да жеміс-жидек жеткізілуде, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Сатылымға шығар алдында өнім міндетті тексеруден өтеді: уәкілетті органдар шығу тегін растайтын құжаттарды, санитарлық талаптар мен сақтау шарттарының сақталуын тексереді. Бақылау өсімдік және жануар тектес өнімдерге қатысты жүргізіледі.
Қала тұрғындары маусымдық жидектер мен көкөністерді сауда нысандарынан немесе демалыс базарларынан тікелей өндірушілерден сатып ала алады. Құлпынайдан бөлек, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, бал, нан-тоқаш және басқа да ауылшаруашылық тауарлары ұсынылған. Базарлардың ассортименті 1000-нан астам атауды қамтиды.
Жәрмеңкелерге Алматы қаласының, сондай-ақ Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қарасай және Жамбыл аудандарының өндірушілері қатысады. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысынан да өнім келеді. Фермерлер мен өндірушілерден тікелей жеткізу арқылы тұрғындар делдалсыз сапалы өнімді қолжетімді бағамен ала алады.
Қазіргі уақытта Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы «Алматы» ӘКК АҚ-мен бірлесіп демалыс базарларын кезең-кезеңмен жаңғыртуда. Жұмыс санитарлық жағдайды жақсарту, аумақтарды абаттандыру, сауда инфрақұрылымын жетілдіру және сатып алушылар мен сатушылар үшін жайлы жағдай жасауға бағытталған.
Қазір базарлар Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу және Жетісу аудандарында жұмыс істейді. Жаңғырту Қазақфильм шағын ауданында, 5-шағын ауданда және Үтеген батыр көшесінде жүргізілуде. Мамыр айынан бастап Құлагер шағын ауданында жаңа базар ашылды, бұл Жетісу ауданы тұрғындары үшін сапалы ауылшаруашылық өнімдерінің қолжетімділігін арттырды.
Демалыс базарлары әр сенбі және жексенбі күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін келесі мекенжайлар бойынша өтеді: Масанчи көшесі (Айтеке би мен Гоголь көшелерінің аралығында, Алмалы ауданы), Рысқұлбеков көшесі, 33/2 (Әуезов ауданы), Қазақфильм шағын ауданы (Бостандық ауданы), Құлагер шағын ауданы (Жетісу ауданы) және Мендіқұлов пен Бектұров көшелерінің қиылысы (Медеу ауданы).
2026 жылдың басынан бері демалыс базарларында 10 мың тоннаға жуық азық-түлік өнімі сатылып, келушілер саны 85 мың адамнан асты.
Дереккөз: Almaty.tv