...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда «Келешек мектептері» фестивалі: оқушылар цифрлық ақша жобасын таныстырды

Алматыда мектеп директорларының біліктілігін арттыру және кадр резервін қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстың аралық қорытындысы шығарылды. Бір алаңға ондаған білім мекемесінің басшылары мен мектеп оқушылары өз жобаларын таныстыру үшін жиналды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Фестиваль «Келешек мектептері» оқушылар жобаларының көрмесімен ашылды. Барлығы 13 жұмыс ұсынылды. Оның бірі – мектептің өзін-өзі басқару жобасы. Авторлары – 8-сынып оқушылары Адия Байжанова мен Садық Әділет. Олар оқушылардың цифрлық ақша тауып, оны оқу үдерісінде пайдалана алатын платформасын әзірледі. Басты мақсат – оқушыларға қаржылық сауаттылық пен қаражатты ұтымды бөлуді үйрету.

«Біз бұл жобаға шамамен бір ай дайындалдық. Мұғалімдеріміз қолдады. Бұл ортақ жұмыс болды. Мен сыныптасым Садық Әділетпен бірге жұмыс істедім. Біздің мектепте мұндай жобаларды таныстыруға барлық жағдай жасалған, оған мен өте ризамын. Біз экономикалық моделіміз тек біздің мектепте ғана емес, жалпы Қазақстан мектептерінде енгізілгенін қалаймыз», – деді 8-сынып оқушысы Адия Байжанова.

Фестиваль аясында «Тәлімгерлік» және «Open School» жобаларының қорытындысы шығарылды. Мектеп директорлары басқарудағы заманауи тәсілдерді: KPI енгізу, цифрландыру және буллингтің алдын алуды талқылады. Сондай-ақ білім беру экскурсияларының нәтижелері ұсынылды. Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар ұрпақтар арасында тәжірибе алмасуға, қаржылық сауаттылықты дамытуға және жаңа дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

««Тәлімгерлік» жобасы бес ай ішінде 11 ірі қалалық семинар-практикумды біріктіріп, кадр резервінен 709 жас басшы мен перспективалы маманды қамтыды. Жүргізілген жұмыс қала мектептері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, басқару стандарттарын арттыруға және инновациялық тәсілдерді күнделікті тәжірибеге сәтті енгізуге мүмкіндік берді», – деді Білім басқармасының ГНМЦНТО бөлімінің әдіскері Айман Биғалиева.

Мамандардың атап өтуінше, жобалар қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр. Білім басқармасы олардың енді жыл сайын өткізілетінін айтады. Жақын арада директорлар арасында тәжірибе алмасу үшін тәулік бойы кеңес беретін цифрлық платформаны іске қосу жоспарланған. Қалада барлығы 13 «Келешек мектептері» жұмыс істейді. Тағы 9 мектепті ашу жоспарда бар.

Дереккөз: Almaty.tv