...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда қауіпсіз және жайлы мегаполис қалыптастыру: қандай бастамалар бар?

Өткен жылы Алматы «Жасыл ел» жобасын іске асыру бойынша еліміздің үздік өңірі деп танылды. Қазір мегаполис экологиялық даму бағытын жалғастырып, жасыл желекті көбейтуден бастап қалалық ортаны жайлы ету үшін заманауи технологияларды енгізуге дейін жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Өткен жылы Алматы Қазақстанда атмосфералық ауаны қорғаудың кешенді тәсілін енгізген алғашқы қала болды. Жаңа экологиялық ережелер автокөлік, кәсіпорындар және ауа сапасын бақылау жүйесін біріктірді. Мұндай шаралардың қажеттілігін өткен жылғы деректер растады: мегаполистегі зиянды шығарындылар көлемі 189 мың тоннаға жуықтады.

«Осы ережелерге сәйкес, болашақта қаланың газдандырылған аудандарында қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынады. Тыйым 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Қазір біз бизнес өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларға жаңа талаптарға дайындалуға көмектесеміз: жабдықты газға немесе электр энергиясына ауыстыруды, сондай-ақ сүзгілер орнатуды ұсынамыз», — деді «ECO ALMATY» ЖШС директорының орынбасары Айдана Касен.

Қалада жасыл желекті көбейту және қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіру жұмыстары күшейтілуде. Жыл басынан бері мегаполисте 6 мыңнан астам ағаш отырғызылып, гүлзарлар мен клумбалардың ауданы 410 мың шаршы метрден асты. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында да ауқымды жұмыс жүргізілуде. Әр апта сайын әртүрлі аудандарда сенбіліктер мен экологиялық акциялар өтіп, оған қала тұрғындары белсене қатысады. Биыл жастарды қамту аясын кеңейтіп, «Жасыл ел» жасақтарының қатысуымен экологиялық және қоғамдық бастамалар санын арттыру жоспарлануда.

«Жоба аясында 2100 жасөспірім мен жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Жастар еңбек отрядтары жыл сайын қаланы көгалдандыруға, аумақтарды санитарлық тазалауға, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға және экологиялық акцияларға қатысады. Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы оқушылар, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады», — деді «Жасыл ел» жобасының жетекшісі Ердәулет Жүнісбек.

Қаладағы қосымша тәртіпті «бір аудан – бір мердігер» жаңа жүйесі қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл көшелердің тазалығын, аулалардың жай-күйін және абаттандыру сапасын орталықтандырылған түрде бақылауға мүмкіндік береді. Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Қазір мегаполисте 70 мыңнан астам камера мен 8 мыңнан астам инфрақұрылымдық нысанды біріктіретін бірыңғай бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді.

«2025 жылы Алматыда бейнебақылау жүйелерінің көмегімен 4 500-ден астам қылмыс ашылды, 3 миллионға жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде нөлдік төзімділік қағидаты бойынша ұсақ құқық бұзушылықтар да бар. Белгіленбеген жерге қоқыс тастау, тұрғын алапта ірі көлемді қоқыс шығару – шамалы құқық бұзушылық сияқты көрінгенімен, шын мәнінде олар жиынтығында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпке нақты қауіп төндіреді», — деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Мегаполисте жарық көбейді. Бұрын жарықтандырылмаған 1189 учаскеде шамдар орнатылды. Барлығы 12 мыңнан астам шам қойылып, 420 нысан сәулеттік жарықтандыруға ауыстырылды. Биыл тағы сонша жарықшам орнату жоспарлануда. Бұл бастамалар Алматының жаңа келбетін – таза, қауіпсіз және жайлы мегаполис ретінде қалыптастыруда.

Дереккөз: Almaty.tv