...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда «КітапFest» жәрмеңкесіне 60-тан астам баспа қатысып жатыр

Алматыда Қала күнін мерекелеу аясында «КітапFest» қалалық кітап жәрмеңкесі басталды. Екі күнге созылатын мәдени шараның алғашқы күні Арбат алаңында қала тұрғындары мен қонақтары әдебиет әлеміне енуге, жазушылармен кездесуге және кітап жаңалықтарымен танысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Биылғы жәрмеңкеге 60-тан астам баспа қатысып, оқырмандарға түрлі жанрдағы жаңа және таңдаулы басылымдарды ұсынды. Келушілер өз қалауына сай кітап таңдап қана қоймай, отандық авторлармен жүздесіп, олармен әңгімелесіп, шығармашылығын талқылай алады.

Жәрмеңкенің бірінші күнінде танымал ақын-жазушылармен әдеби кездесулер өтеді. Кездесуге қатысушылар шығармашылық, оқу мәдениетінің мәні және заманауи оқырман қалауы туралы ойларымен бөлісіп, қонақтардың сұрақтарына жауап береді.

«КітапFest» — оқырмандар мен жазушыларды, сондай-ақ әдеби қауымдастық пен қала тұрғындарын жыл сайын біріктіретін маңызды мәдени алаң, — деді жазушы және драматург Алишер Рахат кездесу барысында Алматы тұрғындарын Қала күнімен құттықтап.

Жәрмеңкеге келген Алматы тұрғындары ұсынылған кітаптар мен авторлармен кездесулерге деген қызығушылықтарын білдірді.

— Бүгін мен кітап жәрмеңкесіне арнайы келдім. Мұнда түрлі жанрдағы кітаптар көп, мен өзіме ұнаған бірнеше кітап тауып қойдым. Отандық авторлармен кездесіп, олардың шығармалары туралы тікелей өздерінен есту ерекше қызықты болды, — деді Алматылық студент Асылжан Бауыржанұлы.

Алматыда оқуға деген қызығушылықты арттыруға және оқырмандар мен әдеби қауымдастық арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жобалар тұрақты түрде іске асырылып келеді. «КітапFest» кітап жәрмеңкесі осындай мәдени бастамалардың біріне айналды. Мұндай шаралар оқу мәдениетін дамытуға, отандық әдебиетті насихаттауға және қаланың мәдени өмірін байытуға ықпал етеді.

«КітапFest» қалалық кітап жәрмеңкесі 19–20 қыркүйекте сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін Арбат алаңында өтеді. Алматы тұрғындары мен қонақтары жәрмеңкеге келіп, оның бағдарламасына қатысуға шақырылады.

Бұған дейін Алматыдағы балалар пленэрі Қазақстанның Рекордтар кітабына енгенін жазған болатынбыз.