
Алатау ауданының Саялы шағын ауданында балалар мен жастарға арналған заманауи Даму және шығармашылық орталығының құрылысы аяқталды. Жаңа нысан ауданның әлеуметтік инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналып, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына қосымша мүмкіндіктер жасайды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жалпы ауданы 10 мың шаршы метрден асатын үш қабатты ғимарат екі ауысымда 1350 балаға есептелген. Орталықтың құрылысы 2025 жылы басталып, қазіргі уақытта барлық құрылыс-инженерлік жұмыстар толық аяқталып, іргелес аумақ абаттандырылған. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 70 тұрақты жұмыс орны ашылады.
«Орталық қаладағы заманауи білім беру кеңістіктерінің біріне айналады, мұнда балалар мен жастардың дамуы үшін жайлы және функционалды жағдайлар жасалған. Білім беру, спорттық және шығармашылық бағыттар қарастырылған», — деп атап өтті Алматы қаласы Құрылыс басқармасында.
Бірінші қабатта 253 орындық көрермен залы, жүзу бассейні, бокс және жекпе-жек залдары, сондай-ақ психолог, логопед және дефектолог кабинеттері орналасқан. Екінші қабатта хореография, бейнелеу өнері, мүсін және қыш бұйымдарын жасау сыныптары, музыкалық студия және 3D-модельдеу кабинеттері жабдықталған.
Үшінші қабат техникалық және ғылыми шығармашылыққа арналған. Мұнда робототехника және электроника зертханалары, авиа- және кеме модельдеу кабинеттері, планетарий, сондай-ақ агромәдениетпен айналысуға арналған бөлмелер орналасады.
Орталықтың ашылуы биылғы жазға жоспарланған. Жаңа нысан балалар мен жасөспірімдердің қосымша білім алу мүмкіндігін кеңейтіп, олардың шығармашылық, спорттық және ғылыми әлеуетін ашуға, сондай-ақ үйге жаяу қашықтықта пайдалы және мазмұнды демалыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Almaty.tv