
Биылғы жылдың басынан бері ҚР ІІМ заңсыз айналымнан 900-ден астам қару мен 4 мыңнан астам оқ-дәріні тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz. Ведомствоның мәліметінше, тәркіленгендердің ішінде Қазақстандағы 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 74 қару бар. Атап айтқанда, 27 сәуірде Алматыда Сайран көлінің жағасында полиция қызметкерлері қаңтар оқиғасы кезінде қару дүкенінен ұрланған қаруды тапты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
27-29 сәуір аралығында елімізде «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші кезеңі өтті. Үш күн ішінде полицейлер 67 дана атыс қаруы мен әртүрлі калибрлі 200-ден астам оқ-дәріні тәркіледі.
ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, заңсыз қаруды анықтау және тәркілеу жұмыстары жалғасады.
ІІМ заңсыз сақталып жатқан қаруды ерікті түрде тапсыру азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босататынын еске салып, тұрғындарды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін саналылық танытуға шақырды.
Дереккөз: Inalmaty.kz