
Алматыда полиция 10 адамды ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен ұстады. Тінту кезінде ІІМ қызметкерлері Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған Калашников автоматын қоса алғанда, бірнеше қаруды тәркіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрлігі «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстық топтардың әрекетін тоқтату жұмысын жалғастыруда.
8 мамырда полиция қызметкерлері қылмыстық топтың 10 болжамды мүшесін ұстады, олардың арасында бұрын сотталған қылмыстық орта өкілдері бар. ІІМ мәліметінше, олар Алматыда жасалған бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде қарулы бұзақылық, бопсалау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сондай-ақ қару мен тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін.
Арнайы операция аясында 21 санкцияланған тінту жүргізілді. Заңсыз айналымнан едәуір мөлшерде қару мен басқа да қауіпті заттар тәркіленді.
— Күдіктілердің бірінің тұрғылықты жерінен бірнеше оқты және травматикалық қару, оның ішінде обрездер мен Жамбыл облысы полиция департаментінен Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған Калашников автоматы мен оқ-дәрілер табылды, — деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
ІІМ тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасып жатқанын хабарлады. Полиция қылмыстық әрекеттің қосымша эпизодтарын және ұсталғандардың ықтимал сыбайластарын анықтауда.
Дереккөз: Inform.kz