...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда қалдықтарды кәдеге жарату зауытының құрылысы 29 мамырда басталады

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов қытайлық Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даогомен кездесті. Бұл компания Қытай мен Орталық Азияда ірі жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар, қалдықтарды энергияға айналдыру саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Кездесу бұрын болған диалогтың жалғасы болып, оның қорытындысы бойынша Алматы қаласында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату туралы инвестициялық келісім жасалды. Тараптар бірлескен инвестициялық жобаның іске асу барысын талқылады: жалпы инвестиция көлемі 145,5 млрд теңгені құрайды.

Премьер-министр Олжас Бектенов жобаның маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның жаңа Конституциясында бекітілген басымдықтардың бірі – қоршаған ортаны қорғау екенін жеткізді. Осыған байланысты Үкіметтің алдына инвестиция мен озық технологияларды тарта отырып, экологиялық жаңғыртуға бағытталған нақты жобаларды іске асыру міндеті тұр.

— Елдеріміздің көшбасшылары – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин – бізге экономикалық қарым-қатынастарды дамыту үшін жақсы мүмкіндіктер жасап отыр. Қытай Халық Республикасы біздің негізгі сауда-экономикалық серіктестеріміздің бірі. Біз Hunan компаниясының қазақстандық нарыққа келуін құптаймыз және бірлескен жобаларға жан-жақты жәрдемдесуге дайынбыз. Өткен жылғы кездесуімізде ел үшін маңызды осы жобаға жақсы серпін берілді, — деді Олжас Бектенов.

Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даого құрылыстың 29 мамырда басталатынын хабарлады. Нысанды екі жыл ішінде пайдалануға беру жоспарланған. Жоба қатты тұрмыстық қалдықтарды одан әрі электр энергиясына айналдыра отырып, олармен жұмыс істеудің заманауи үлгісін енгізуді көздейді. Зауыттың іске қосылуы СО₂ шығарындыларын жылына шамамен 200 мың тоннаға азайтуға, жылына 800 мың текше метр полигон көлемін үнемдеуге және «жасыл» энергияны тұрақты өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын тәулігіне екі мың тоннаға дейін қалдықты өңдеп, 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіре алады. Құрылыс кезеңінде кемінде 700 уақытша, ал зауыт іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған.

— Біз екі жыл ішінде барлық жұмысты толық аяқтайтынымызға сенімдіміз. Қазақстан Президенті мен Үкіметі тарапынан елдің «жасыл» дамуына байланысты үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын білеміз. Біз Қазақстанның «жасыл» дамуына және инвестиция тартуға нақты үлес қосатын ірі жобаға айналуға ұмтыламыз, — деді директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даого.

Жоба аясында үш «жасыл» орталық құру да қарастырылған. Олар сенімді электрмен жабдықтауды, цифрлық шешімдер үшін энергияны пайдалануды және қыс мезгілінде өнеркәсіптік тұтынушылар мен қала қажеттіліктеріне таза жылу беруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, технологияларды енгізуге, қосалқы бөлшектер өндірісін оқшаулауға, жергілікті мамандарды даярлауға және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған үш базаны қалыптастыру жоспарланған. Кездесу қорытындысы бойынша премьер-министр Олжас Бектенов уәкілетті мемлекеттік органдарға нысанды уақтылы пайдалануға беру үшін жобаны одан әрі сүйемелдеуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Дереккөз: Inform.kz