Алматының Әуезов ауданында кәсіпкерлерден ақша бопсалады деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол өзін қоғам белсендісі ретінде таныстырып, кәсіпкерлікпен айналысқан адамдардан жүйелі түрде ақша талап еткен.
Полиция департаментінің мәлімдеуінше, күдікті мемлекеттік органдарға шағымдану және олардың жұмысына кедергі келтіру мүмкіндігін алға тартқан. Ер адам ұсталып, Алматы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
— Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұқсас жағдайлар туралы хабарлаған бірнеше адам анықталды. Қазіргі уақытта тергеу болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және дәлелдемелерді бекіту үшін қажетті шараларды қабылдауда. Осындай фактілер туралы ақпараты бар азаматтарды полицияға жүгінуге шақырамыз, — деді Әуезов ауданы полиция басқармасының бастығы Данияр Мендебаев.
Бұған дейін Астана тұрғыны ерекше ірі мөлшерде бопсалау үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
