Алматыда Түрксіб ауданында, Жұлдыз-2 шағынауданының қарама-қарсысында, Лавренева көшесінің бойында ірі өрт шықты. Куәгерлердің айтуынша, түтін Халықаралық Алматы әуежайына қарай тараған. Кейбір куәгерлер өрт орнына әуежай қызметкері келіп, қатты түтіннің көзін анықтауға тырысқанын айтқан, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Өртті сөндіруге жақын маңдағы бірнеше шағын көлдер көмектескен. Өрт сөндірушілер суды дәл осы көлдерден алған. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт ауданы шамамен 1 300 шаршы метрді құраған. Куәгерлердің айтуынша, пластик бұйымдары жанған.
Оқиға орнында жедел штаб құрылған. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі Zakon.kz тілшісіне хабарлағандай, өрт сөндірушілер құрылыс пленкасының орамдарын, пластикалық тамақ ыдыстарын және сылақ торын өрттен сақтап қалған.
Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндірілді.
Бұған дейін Алматының бір көшесінде автокөлік өртенгені хабарланған. Бақытқа орай, жақын жерде СОБР жауынгерлері болған.
Дереккөз: Zakon.kz