
Алматыда инженерлік инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жалғасуда. 2026 жылы сумен жабдықтау желілерінің тозуын 49%-ға, ал су бұру желілерінікін 48%-ға дейін төмендету жоспарлануда. Сонымен қатар қалада коммуналдық нысандарды бақылаудың цифрлық жүйелері енгізіліп, суды ұтымды пайдалану мақсатында автокөлік жуу орындарына қойылатын талаптар қатаңдатылуда. Бұл туралы Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, 2025 жылы Алматыда 390,7 км-ден астам сумен жабдықтау желілері салынып, жаңғыртылған. Бұл олардың тозу деңгейін 51%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
«Қазір қалада кезекті жөндеу маусымы басталды. 2026 жылы біз тағы 339,1 км сумен жабдықтау желілерін салып, жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Бұл тозу деңгейін қосымша 49%-ға дейін төмендетіп, қала тұрғындары үшін коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттырады. Жұмыс Алматының барлық аудандарында жүйелі түрде жүргізілуде», — деді Нұрбақыт Серікбай.
Су бұру саласында өткен жылы 311,9 км желі салынып, жаңғыртылды, нәтижесінде тозу деңгейі 49%-ға дейін төмендеді. Биыл билік тағы 285,1 км желіні жаңартып, салуды жоспарлап отыр, бұл тозу көрсеткішін 48%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.
Алматыда коммуналдық саланы цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қалада технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері (АСУТП) енгізілуде, олар сумен жабдықтау және су бұру нысандарын тәулік бойы бақылауды қамтамасыз етеді.
«АСУТП енгізу авариялық жағдайларды жедел анықтауға, жабдықтың сенімділігін арттыруға және су мен электр энергиясының жоғалуын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, процестерді автоматтандыру коммуналдық жүйені тиімдірек басқаруға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға көмектеседі. Бұл қалалық инфрақұрылымды жаңғыртудағы маңызды қадам», — деп атап өтті басқарма басшысы.
Тағы бір бағыт — су ресурстарын ұтымды пайдалану. Алматыда автокөлік жуу орындарында қайталама сумен жабдықтау жүйелерін енгізу жалғасуда. Бүгінгі таңда мұндай жүйелер 162 нысанда орнатылған, оның ішінде 33-і биылғы жылдың басынан бері қосылған. Сонымен қатар, барлық автокөлік жуу орындары деректерді беру функциясы бар заманауи су есептегіш құрылғылармен жабдықталған. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, белгіленген талаптарға сәйкес келмегені үшін қалада 146 автокөлік жуу орны өшірілген.
«Бүгінде желілерді жаңғырту ғана емес, суды пайдалануға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру маңызды. Автокөлік жуу орындарында қайталама сумен жабдықтау ресурстарды тұтынуды және қалалық жүйеге жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бағыттағы бақылау жалғасады», — деп түйіндеді Нұрбақыт Серікбай.
Дереккөз: Almaty.tv