...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда инклюзивті фестиваль: 50-ден астам бала пара-волейболдан сынға түсті

Алматыда тірек-қимыл аппараты бұзылған 50-ге жуық мектеп оқушысы қатысқан инклюзивті фестиваль өтті. Балалар пара-волейболдан шеберлік сабағына қатысып, жарыстарда күш сынасты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Шара барысында қатысушылар бейімделген спорт түрлерімен танысып, ептілік, реакция жылдамдығы және нағыз спорттық құмарлықты сезінді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – инклюзивті спортты дамыту және барлық балаларға тең мүмкіндік жасау.

«CITI CUP FLYING BALL» – бұл балалармен жұмыс істеуге арналған. Оларды пара-волейбол сияқты жаңа спорттық қозғалысқа тарту. Біз бұл жұмыс жалғасып, балалардың спорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі деп үміттенеміз», – деді фестиваль ұйымдастырушысы Сәуле Жақаева.

Фестиваль №2 арнайы мектеп-интернатының базасында өтті. Жарыстан кейін балаларды дәмді тағамдар күтті. Сонымен қатар ұйымдастырушылар мекемеге бейімделген спорт түрлерін дамыту үшін спорттық құрал-жабдықтар табыстап, жас спортшыларға жаңа экипировка сыйлады.

«Балалар спортпен айналысқанда, бұл олардың өзін-өзі бағалауын арттырады. Олар тәуелсіз, батыл, шыдамды және төзімді болады. Бұл денсаулық үшін де қажет», – деп атап өтті «Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернаты» КММ директоры Бақыт Ермекова.

Дереккөз: Almaty.tv