Алматыда газ есептегіштерін көрсеткіштерді өздігінен беретін құрылғыларға ауыстыру жоспарлануда. QazaqGazAimaq компаниясы бұл жұмыстардың қашан және кімнің есебінен жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
QazaqGazAimaq АҚ Алматы өндірістік филиалының газбен жабдықтау және сату режимі қызметінің бастығы Нариман Хасенов РСК-дағы брифингте қалада газ есепке алу құрылғыларын жаппай ауыстыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Олар қашықтан деректерді беретін есепке алу құрылғыларына ауыстырылады. Жеке сектордағы тұтынушылар қамтылады, оларда есептегіштер орнатылған. Бұл бағдарлама үш жылға есептелген. Шамамен 155 мың есептегіш QazaqGazAimaq қаражаты есебінен ауыстырылады, — деді Хасенов.
Ол құрылғылар деректерді серверге автоматты түрде жіберетінін, ал орнату қыркүйек айынан басталатынын қосымша айтты.
