Алматыда BMW көлігінің жүргізушісі 66 рет жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, 2,4 млн теңге көлемінде айыппұл арқалаған. Бұл туралы 2026 жылғы 25 тамызда оңтүстік астана прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Прокуратураның хабарлауынша, жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, салынған айыппұлдар оқиға орнында төленген.
Қадағалау органының деректеріне сәйкес, соңғы тәулікте Алматы аумағында жол қозғалысы ережесінің 1 699 бұзушылығы анықталды, оның ішінде жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіп төндіретін 230 өрескел бұзушылық бар.
Анықталған бұзушылықтардың қатарында:
- мас күйінде көлік жүргізу – 13 факт;
- көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның көлік жүргізуі – 1;
- жалған мемлекеттік нөмір белгілерімен көлік жүргізу – 2;
- маневр жасау ережелерін бұзу, оның ішінде қауіпті маневр жасау («шашки») – 103 факт;
- қауіпсіздік белдігін тақпау – 71 факт;
- қарсы бағыттағы жолаққа шығу – 9 факт;
- көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдалану – 31 факт.
Сонымен қатар, мамандандырылған тұраққа 20 көлік қойылған.
2026 жылғы 24 тамызда біз полиция көз алдында жол ережесін өрескел бұзған алматылық туралы жазғанбыз. Әйтсе де, оның көлікке отыруының өзі құқық бұзушылық болып шықты. Толығырақ – осы жерде.
