Алматы полициясы синтетикалық есірткінің ірі партиясын алып қойды. Арнайы операция барысында оларды таратуға күдікті ер адам мен әйел ұсталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бостандық ауданында полиция қызметкерлері жедел деректер бойынша тыйым салынған заттар тасымалданатын автокөлікті тоқтатты. Көлікті тексеру кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған ондаған орама, ұялы телефондар, орау материалы, электронды таразы, медициналық пипеткалар және газ пистолеті табылды.
«Көлікті тексеру кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған ондаған орама, ұялы телефондар, орау материалы, электронды таразы, медициналық пипеткалар, сондай-ақ газ пистолеті табылды», — делінген хабарламада.
Осыдан кейін ұсталғандардың бірінің тұрғылықты жерінен тінту жүргізілді. Онда зат салынған қосымша ыдыстар, орау материалдары және тергеу нұсқасы бойынша есірткіні сатуға дайындау үшін қолданылған жабдық табылды.
Полиция мәліметінше, 44 жастағы ер адам бірнеше ай бойы «салымдар» жүйесі арқылы синтетикалық есірткі таратумен айналысқан. Онымен бірге 39 жастағы әйел ұсталды. Екеуі де полицияға жеткізіліп, қамауға алынды, оларға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Дереккөз: Nur.kz