Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Almaty.tv ақпараты бойынша, жазғы ең жарқын мәдени жобалардың бірі – Almaty Summer Fest аясында алтыншы open-air концерт сәтті өтті. Қала әкімдігі ұйымдастырған музыкалық кештер тұрғындар мен қонақтарға ұмытылмас әсер сыйлап, жазғы демалысты шынайы мағынада байыта түсуде, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жоба басталғалы бері алты концертке 60 мыңнан астам көрермен келді. Ашық аспан астындағы сахнада танымал әртістер: Kalifarniya, Qanay, Бүркіт & Айша, Жанболат & Жазира, Елнұр Наурызбек, Ғаламат Бейсеқожа, Ернар Жұматаев, Aksunkar, Жұма Әбіл, Азамат Төрехан, Ердаулет Мұратұлы, Nurislam, JVSMIN, Dana Turar, Baymaman және DJ Akhmetoff өнер көрсетті.
Концерттер дәстүрлі өнер театры «Алатау» алаңында өтуде. Бұл алаң Алатау ауданының тұрғындары мен қала қонақтарын біріктіретін нағыз мәдени орталыққа айналып отыр.
Almaty Summer Fest жобасының басты мақсаты – тұрғындар мен туристерге қолжетімді әрі сапалы мәдени демалыс ұсыну, қазақстандық орындаушыларды қолдау және Алматының мәдени өміріне жаңа серпін беру. Open-air форматтағы концерттер әртүрлі жастағы көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырып, қаланың жазғы мәдени бағдарламасының маңызды бөлігіне айналды.
Жаз бойы қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер әр сенбіде өтеді. Алдағы уақытта алматылықтар мен қала қонақтарын жаңа жарқын музыкалық кештер күтіп тұр.
Дереккөз: Almaty.tv