...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда электросамокаттарды бақылау күшейтілетін көшелер аталды

Алматы полициясы электросамокаттарға қатысты жаңа ережелерді түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Көліктің бұл түрінің танымалдылығы артуына байланысты оны пайдалануға қойылатын жаңа талаптар күшіне енді. Полиция мәліметінше, алты ай ішінде Алматыда электросамокаттар қатысқан 83 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 89 адам жарақат алған.

— Кикшеринг компанияларымен бірлесіп, жалға берілетін электросамокаттарды жеке тіркеу нөмірлерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Мұндай шара жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда көлік құралы мен оның пайдаланушысын жедел анықтауға мүмкіндік береді, — деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жеке электросамокат иелеріне мемлекеттік тіркеуден өту және нөмірлік белгілер алу қажет емес. Полиция тіркеу талаптары тек жалға беру сервистерінің электросамокаттарына қатысты екенін ерекше атап өтті. Жаңа нормалар күшіне енгеннен кейін полиция электросамокаттар мен мопедтерді пайдаланушылардың ережелерді сақтауын бақылауды күшейтті. Ерекше назар адамдар көп жиналатын орындарға, орталық көшелерге, саябақтарға, қоғамдық кеңістіктерге және бұрын бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғалары тіркелген учаскелерге аударылады.

— Бұл жеке ұтқырлық құралдарын пайдаланушылардың шоғырлануы жоғары орындар: Шевченко, Қонаев, Абай көшелері, онда арнайы бөлінген жолақтар бар. Бұл қаланың бір бөлігінен екінші бөлігіне тез және ыңғайлы жетуге мүмкіндік беретін магистралдар. Жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Сондықтан біз оқу орындарының — жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарының маңында патрульдік полиция, ювеналды полиция нарядтарын күшейтеміз. Учаскелік инспекторлар жаяу патрульдеуге ауыстырылады. Жастар жиі жиналатын жерлерде жұмысты күшейтеміз, — деді Әзірбек.

Оның айтуынша, кикшеринг компанияларымен бірлесіп қауіпсіз жүргізу мектептері бірнеше рет өткізілген. Полиция негізгі назар айыппұл санкцияларына емес, бұзушылықтардың алдын алуға бағытталғанын атап өтті. Заңнамадағы өзгерістердің мақсаты — апаттардың алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ жол қозғалысының барлық қатысушылары үшін қауіпсіз қалалық орта құру. Еске сала кетейік, 1 шілдеден бастап жалға берілетін электросамокаттарды пайдалану кезінде қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жаңа талаптар күшіне енді.

Дереккөз: Inform.kz