29 маусымнан 1 шілдеге дейін Алматыда «Электросамокаттар мен электромопедтер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz. Профилактикалық рейдтер 1 шілдеден бастап күшіне енетін заңнамалық өзгерістер қарсаңында ұйымдастырылды, бұл өзгерістер электросамокаттар мен электромопедтер пайдаланушыларының құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ кикшеринг сервистері операторларының жауапкершілігін айқындайды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция мәліметінше, іс-шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол жүрісі ережелерін бұзудың профилактикасы және жеке ұтқырлық құралдарын пайдаланушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Полицейлер жол жүрісі ережелерінің сақталуын бақылауды күшейтіп, рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ерекше назар жолаушыларды тасымалдау, қауіпті маневр жасау, тыйым салынған бағдаршам сигналымен жүру, жолдың жүріс бөлігін кесіп өту ережелерін бұзу және электросамокаттарды ретсіз қою сияқты бұзушылықтарды анықтауға аударылады.
Алматы қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінур Тасыбаевтың айтуынша, іс-шараның басты міндеті – пайдаланушыларда қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және заңнаманың жаңа талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.
Дереккөз: Inalmaty.kz