Алматы Қазақстандағы кәсіпкерліктің ең ірі орталығы болып қала береді. Қалада 362 мыңнан астам жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, ал оларды қолдауға 2026 жылы жергілікті бюджеттен 26 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мегаполисте 362 345 ШОБ субъектісі жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес өнімінің шығарылым көлемі 306,2 млрд теңгеге жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,1%-ға артық.
Кәсіпкерлерді қолдау үшін 2026 жылы жергілікті бюджеттен субсидиялау және несиелеу бағдарламаларына 26 млрд теңге бөлінді. Бірінші тоқсанда 304 жоба қаржылық қолдау алды, ал берілген несиелердің жалпы көлемі 46 млрд теңгені құрады.
Алматы сауданы дамыту бойынша да елде бірінші орында. 2026 жылдың алты айында сауда көлемі 12,3 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға өсті. Қалаға республикалық сауда айналымының 34%-ы тиесілі.
Кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыттарының бірі – шағын өнеркәсіптік парктер құру. Қазір Алматыда жалпы құны 53,1 млрд теңге болатын 70 осындай жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар 6 874 жаңа жұмыс орнын және 430 мың шаршы метрден астам өндірістік алаң құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Жаңа өнеркәсіптік парктер кеңселерді, өндірістік цехтарды, көрме және сервистік кеңістіктерді біріктіреді. Олар машина жасау, тамақ, жиһаз, химия және құрылыс салаларының кәсіпорындарына бағытталады.
Әкімдікте бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыру және заманауи өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту кәсіпкерліктің жоғары қарқынын сақтауға, инвестициялар тартуға және отандық өндірісті дамытуға қосымша мүмкіндіктер жасауға көмектеседі деп санайды.
