Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша қалада студенттік жатақханалар қорын кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы 4,7 мың орынға шақталған 13 жаңа жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасы хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта Алматыда 221 мыңнан астам студент білім алады, оның 149 мыңы — басқа қалалардан келгендер. Қалада жалпы сыйымдылығы 46,2 мың орындық 136 жатақхана жұмыс істейді. Тапшылық шамамен 5,7 мың орынды құрайды.
Бұл мәселені шешу үшін Алматы әкімдігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп студенттік жатақханалар құрылысын үйлестіру жөніндегі жобалық кеңсені құрды.
2025 жылы қалада 4,5 мың орындық 13 жатақхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар, студенттердің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мен одан әрі құрылыс жоспарларын көрсететін қажеттілік картасы әзірленді.
2030 жылға дейін Алматыда 20 мыңға дейін жаңа орын құру жоспарлануда, бұл студенттік жатақханаларға деген қажеттілікті толығымен жабуға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Almaty.tv