Алматыда Шығыс айналма жолында (ШАЖ) басқарылмай қалған МАЗ краны таудан құлап, кабинасымен тротуарға қадалды. Оқиға Нұрмағамбетов көшесіне жетпей, таңғы сағат 6:00 шамасында болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Куәгерлердің айтуынша, МАЗ краны жүк көтеру жұмыстарын жүргізу үшін құрылыс алаңына келіп, нысан аумағында тоқтаған. Ішінде екі адам болған. Олар сыртқа шығып, жұмыстың басталуын күтіп тұрған.
Бір сәтте МАЗ төмен қарай домалап кеткен. Жүргізуші мен оның көмекшісі техниканы тоқтатуға, кабинаға кіруге тырысқан. Бірақ, шамасы, оларға бұл әрекет сәтсіз аяқталған. Олардың бірі соңғы сәтке дейін машинадан ұстап тұрып, ақыры таудан онымен бірге құлап кеткен.
Кран жол бойындағы бетон қоршауды, бетон отбойникті құлатып, баспалдақтың қоршауын соғып, кабинасымен тротуарға қадалған. Бақытына қарай, сол жерде жаяу жүргіншілер болмаған.
Салдарынан техниканы тоқтатуға тырысқан бір адам зардап шеккен. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, бұл техниканың жүргізушісі. Алдын ала ақпарат бойынша, ер адамның аяғы сынған. Оны ауруханаға жеткізген.
