Алматы халықаралық әуежайының күту залында төбеден ақ сұйықтық ағып, жолаушылар оқиғаны бейнеге жазып алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әуежайдың баспасөз қызметі оқиғаға түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, T1 терминалында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, оның ішінде пайдалану барысында анықталған жекелеген кемшіліктерді жою шаралары да қамтылған.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, терминалдың екінші қабатындағы әрлеу жұмыстары кезінде қабатаралық жабын арқылы жолаушылардың күту аймағына аз мөлшерде сұйықтық уақытша ағып кеткен.
«T1 терминалында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, оның ішінде пайдалану барысында анықталған жекелеген кемшіліктерді жою шаралары да бар. Екінші қабаттағы әрлеу жұмыстары кезінде қабатаралық жабын арқылы жолаушылардың күту аймағына аз мөлшерде сұйықтық уақытша ағып кетті», — делінген әуежай баспасөз қызметінің хабарламасында.
Әуежай қызметкерлері жағдайға жедел ден қойып, салдарды жою үшін қажетті шараларды қабылдағаны атап өтілді.
«Қазіргі уақытта жағдай реттелді, терминал қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Алматы халықаралық әуежайы жолаушыларға келтірілген уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұрайды», — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Оқиға бейнесін zakon.kz басылымы Threads әлеуметтік желісінде жариялады. Кадрларда күту залындағы орындықтарға төбеден ақ түсті сұйықтықтың тамып жатқаны көрінеді, ал наразы жолаушылар болып жатқан жағдайды бейнеге түсіріп алған.
