Алматыда дәрігерлер 59 магнитті жұтып қойған балаға күрделі ота жасады. Бөгде заттар жіңішке ішектің қабырғасын зақымдап үлгерген, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бір кезекшілік ауысым ішінде Балалар шұғыл медициналық көмек орталығына магнит жұтқан үш кішкентай науқас түскен.
Алдымен іші ауырып, екі жасар баланы жеткізді. Тексеру кезінде бөгде заттар анықталып, дәрігерлер шұғыл ота жасап, 25 магнитті алып тастады.
Бірнеше сағаттан кейін ауруханаға 2,5 жастағы тағы бір бала түсті. Ата-анасы құсу мен іш ауруына шағымданып, медиктерге жүгінген. Тексеруден кейін кішкентай науқасқа да шұғыл ота жасалып, хирургтар тоғыз магнитті алып шықты. Отадан кейін бала стационарда 10 күн жатты.
Ең күрделі жағдай таңертеңге қарай, кезекшіліктің аяқталуына жақын тіркелді. Ауруханаға әлі төртке толмаған баланы жеткізді. Ол іштің қатты ауруына, әлсіздікке және құсуға шағымданған. Тексеру асқазан-ішек жолында көптеген бөгде заттардың бар екенін көрсетті.
— Біздің команда баланың жіңішке ішегінен 59 магнитті алғанда нағыз шокты бастан кешірді. Медициналық көмекке жүгінген кезде қауіпті заттар жіңішке ішектің қабырғасын тесіп үлгерген еді. Бұл сол ауысымдағы, 1 тамыздағы ең күрделі оталардың бірі болды, — деді Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық көмек орталығы қабылдау бөлімшесінің хирургі Айбол Сұлтанбеков.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері қалалық балалар шұғыл медициналық көмек орталығына магнит жұтқан 15 бала түскен. Мұндай жағдайлардың әрқайсысы ерекше назарды қажет етеді, өйткені бірнеше магнит бір-біріне тартылып, ағза ішінде ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
Дәрігерлер ата-аналарды магниттік шарлар мен ұсақ магниттік элементтері бар ойыншықтарды кішкентай балаларға қолжетімсіз жерде сақтауға және баланың немен ойнайтынын мұқият қадағалауға шақырады.
Жақында Алматыда дәрігерлер бес жасар балаға ота жасаған еді, оның үш жұтылған магниті асқазан мен жіңішке ішектің қабырғалары арқылы бір-біріне тартылып қалған.
